«Мемлекеттiк тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді жекешелендiру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты

Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрiнiң
2015 жылғы 9 сәуiрдегi
№ 319 бұйрығына
4-қосымша

«Мемлекеттiк тұрғын үй қорынан берiлетiн тұрғын үйлердi жекешелендiру» мемлекеттiк көрсетiлетiн қызмет стандарты

Ескерту. Бұйрық 4-қосымшамен толықтырылды — ҚР Инвестициялар және даму министрiнiң 22.06.2017 № 376 (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); жаңа редакцияда — ҚР Инвестициялар және даму министрiнiң 22.12.2017 № 891 (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрықтарымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

1. "Мемлекеттiк тұрғын үй қорынан берiлетiн тұрғын үйлердi жекешелендiру" мемлекеттiк көрсетiлетiн қызмет (бұдан әрi — мемлекеттiк көрсетiлетiн қызмет).

2. Мемлекеттiк көрсетiлетiн қызмет стандартын Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлiгi (бұдан әрi — Министрлiк) әзiрледi.

3. Мемлекеттiк көрсетiлетiн қызметтi облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының, аудандардың және облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi атқарушы органдары (бұдан әрi — көрсетiлетiн қызметтi берушi) көрсетедi.

Өтiнiштi қабылдау және мемлекеттiк қызмет көрсету нәтижесiн беру:

1) облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының, аудандардың және облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi атқарушы органдары;

2) "Азаматтарға арналған үкiмет" мемлекеттiк корпорациясы" коммерциялық емес акционерлiк қоғамы (бұдан әрi — Мемлекеттiк корпорация) арқылы жүзеге асырылады.

Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда — ҚР Инвестициялар және даму министрiнiң 21.12.2018 № 898 (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.

2-тарау. Мемлекеттiк қызмет көрсету тәртiбi

4. Мемлекеттiк қызмет көрсету мерзiмi:

1) көрсетiлетiн қызметтi берушiге немесе Мемлекеттiк корпорацияға құжаттар топтамасын тапсырған күннен бастап:

1-кезең: мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үйдi жекешелендiру туралы тұрғын үй комиссиясының шешiмi — күнтiзбелiк 30 (отыз) күн;

2-кезең: тұрғын үйдi мемлекеттiк кәсiпорындардың және мемлекеттiк мекемелердiң мемлекеттiк тұрғын үй қорынан коммуналдық меншiкке берген жағдайда — күнтiзбелiк 30 (отыз) күн;

3 кезең: тұрғын үйдi жекешелендiру туралы шарт жасау — 30 (отыз) жұмыс күнi;

2) құжаттар топтамасын тапсыру үшiн күтудiң рұқcат етiлетiн ең ұзақ уақыты — 15 (он бес) минут;

3) қызмет көрсетудiң рұқсат етiлетiн ең ұзақ уақыты — 20 (жиырма) минут.

Көрсетiлетiн қызметтi алушы мемлекеттiк көрсетiлетiн қызмет стандартында көзделген тiзбеге сәйкес құжаттардың топтамасын толық ұсынбаған және (немесе) қолданылу мерзiмi өтiп кеткен құжаттарды ұсынған жағдайларда, көрсетiлетiн қызметтi берушi өтiнiштi қабылдаудан бас тартады.

Көрсетiлетiн қызметтi алушы осы мемлекеттiк көрсетiлетiн қызмет стандартының 9-тармағында көзделген тiзбеге сәйкес құжаттардың топтамасын толық ұсынбаған жағдайда, Мемлекеттiк корпорацияның қызметкерi осы мемлекеттiк көрсетiлетiн қызмет стандартына 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша құжаттарды қабылдаудан бас тарту туралы қолхат бередi.

5. Мемлекеттiк қызмет көрсету нысаны: қағаз түрiнде.

6. Мемлекеттiк қызмет көрсету нәтижесi:

1-кезең: тұрғын үй комиссиясының тұрғын үйдi жекешелендiру немесе жазбаша түрде дәлелдi бас тарту туралы шешiмi;

2-кезең: тұрғын үйдi беру туралы шешiм шығарылған күннен бастап оны мемлекеттiк кәсiпорындардың және мемлекеттiк мекемелердiң мемлекеттiк тұрғын үй қорынан коммуналдық меншiкке берген жағдайда Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2011 жылғы 1 маусымдағы № 616 қаулысымен бекiтiлген Мемлекеттiк заңды тұлғаларға бекiтiлiп берiлген мемлекеттiк мүлiктi мемлекеттiк меншiктiң бiр түрiнен екiншiсiне беру қағидасына сәйкес жүзеге асырылады.

Тұрғын үйдi беретiн орган жекешелендiруге жататын тұрғын үйдi коммуналдық тұрғын үй қорына ауыстыруды жүзеге асырған кезде бiр мезгiлде көрсетiлетiн қызметтi алушыға төленуi тиiс сома көрсетiлген тұрғын үйдiң құны туралы анықтама берiледi;

3-кезең: жергiлiктi атқарушы орган мен өтiнiш берушi арасында тұрғын үйдi жекешелендiру туралы шарт жасау.

Тұрғын үйдi жекешелендiру туралы шарт жасалғаннан кейiн, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2013 жылғы 2 шiлдедегi № 673 қаулысымен бекiтiлген Мемлекеттiк тұрғын үй қорынан берiлетiн тұрғын үйлердi жекешелендiру қағидаларының (бұдан әрi — Қағидалар) 23-тармағында көрсетiлген жағдайларды қоспағанда, күнтiзбелiк отыз күн iшiнде жергiлiктi бюджетке төленуi тиiс тұрғын үйдiң құнын төлеу жүргiзiледi.

Тұрғын үйдi меншiкке өтеусiз алған кезде төлем жүргiзiлмейдi.

Мемлекеттiк қызмет көрсету нәтижесiн беру нысаны: қағаз түрiнде.

7. Мемлекеттiк қызмет тегiн көрсетiледi.

8. Жұмыс кестесi:

1) Көрсетiлетiн қызметтi берушi — Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес демалыс және мереке күндерiнен басқа, дүйсенбiден бастап жұма аралығында, сағат 13.00-ден 14.00, 14:30-ға дейiнгi түскi үзiлiспен сағат 8.30, 9.00-ден 18:00, 18.30-ға дейiн.

Өтiнiштi қабылдау және мемлекеттiк қызмет көрсету нәтижесiн беру сағат 13.00-ден 14.00, 14:30-ға дейiнгi түскi үзiлiспен сағат 09.00-дан 17.30-ға дейiн жүзеге асырылады.

Мемлекеттiк көрсетiлетiн қызмет алдын ала жазылусыз және жеделдетiп қызмет көрсетусiз, кезек күту тәртiбiмен көрсетiледi.

2) Мемлекеттiк корпорация — Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес және белгiленген жұмыс кестесiне сәйкес жексенбi және мереке күндерiнен басқа, дүйсенбiден бастап сенбi аралығында, үзiлiссiз сағат 9.00-ден 20.00-ге дейiн.

Қабылдау "электрондық" кезек тәртiбiмен жеделдетiп қызмет көрсетусiз қызмет алушының таңдауы бойынша, жүзеге асырылады, "электрондық үкiмет" веб-порталы (бұдан әрi — портал) арқылы электрондық кезек брондалуы мумкiн.

9. Көрсетiлетiн қызметтi алушы (не сенiмхат бойынша оның өкiлi) көрсетiлетiн кызметтi берушiге немесе Мемлекеттiк корпорацияға алушы өтiнiш берген кезде мемлекеттiк қызмет көрсету үшiн қажеттi құжаттардың тiзбесi:

1) 1-кезең:

көрсетiлетiн қызметтi берушiге:

өздерi тұратын үй-жайларын жекешелендiруге жалдаушының кәмелетке толған барлық отбасы мүшелерi қол қойған өтiнiш (еркiн нысанда);

көрсетiлетiн қызметтi алушы мен оның отбасы мүшелерiнiң жеке басты куәландыратын құжаттарды көшiрмелерi;

некеге тұру (бұзу), отбасы мүшелерiнiң қайтыс болуы, балалардың тууы туралы (қажеттiлiгiне қарай) куәлiктердiң көшiрмелерi;

жалдау (жалға алу) шартының не тұрғын үй ордерiнiң көшiрмесi;

аумақтық әдiлет органының анықтамасы (өтiнiш берушiде және онымен тұрақты тұратын отбасы мүшелерiнде Қазақстан Республикасы бойынша меншiк құқығында оларға тиесiлi тұрғын үйдiң жоқ немесе бар екендiгi туралы);

анықтама бюросының немесе ауылдық округ әкiмiнiң тиiстi елдi мекенде тұратынын растайтын анықтамасы;

өтiнiш берушiнiң отбасы мүшелерi деп басқа адамдар танылған жағдайда соңғысы оларды өтiнiш берушiнiң отбасы мүшелерi деп тану туралы сот шешiмiн ұсынады;

халықтың әлеуметтiк осал топтарына жататын азаматтар қосымша көрсетiлетiн қызметтi алушының (отбасының) халықтың әлеуметтiк осал топтарына жататынын растайтын құжатты ұсынады;

мемлекеттiк қызметшiлер, бюджеттiк ұйымдардың қызметкерлерi, әскери қызметшiлер, арнаулы мемлекеттiк органдардың қызметкерлерi, судьялар және мемлекеттiк сайланбалы қызмет атқаратын адамдар санатына жататын азаматтар жұмыс орнынан (қызметтен) анықтаманы не қызметкердiң еңбек қызметiн растайтын құжаттың көшiрмесiн қосымша ұсынады. Ғарышкерлiкке кандидаттар, ғарышкерлер Қазақстан Республикасының Үкiметi беретiн олардың мәртебесiн растайтын құжаттарды ұсынады;

тұрғын үйдi жалдау шарты бойынша берешектiң жоқ екендiгiн растайтын құжат;

Қағидалардың 7-тармағына сәйкес жекешелендiрген жағдайда — мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үйдi меншiгiне өтеусiз алуға құқығы бар азаматтардың санатына жататындығын растайтын құжат;

Мемлекеттiк корпорацияға:

өздерi тұратын үй-жайларын жекешелендiруге жалдаушының кәмелетке толған барлық отбасы мүшелерi қол қойған өтiнiш (осы мемлекеттiк көрсетiлетiн қызмет стандартына 2 немесе 3-қосымшаларға сәйкес нысан бойынша);

көрсетiлетiн қызметтi берушi мен оның отбасы мүшелерiнiң жеке басты куәландыратын құжаттары (сәйкестендiру үшiн);

некеге тұру (бұзу), отбасы мүшелерiнiң қайтыс болуы, балалардың тууы туралы (қажеттiлiгiне қарай) куәлiктерi;

жалдау (жалға алу) шартының не тұрғын үй ордерiнiң көшiрмесi;

көрсетiлетiн қызметтi алушының отбасы мүшелерi деп басқа адамдар танылған жағдайда соңғысы оларды көрсетiлетiн қызметтi алушының отбасы мүшелерi деп тану туралы сот шешiмiн ұсынады;

халықтың әлеуметтiк осал топтарына жататын азаматтар қосымша көрсетiлетiн қызметтi алушының (отбасының) халықтың әлеуметтiк осал топтарына жататынын растайтын құжатты ұсынады;

мемлекеттiк қызметшiлер, бюджеттiк ұйымдардың қызметкерлерi, әскери қызметшiлер, арнаулы мемлекеттiк органдардың қызметкерлерi, судьялар және мемлекеттiк сайланбалы қызмет атқаратын адамдар жұмыс орнынан (қызметтен) анықтаманы не қызметкердiң еңбек қызметiн растайтын құжаттың көшiрмесiн қосымша ұсынады. Ғарышкерлiкке кандидаттар, ғарышкерлер Қазақстан Республикасының Үкiметi беретiн олардың мәртебесiн растайтын құжаттарды ұсынады;

тұрғын үйдi жалдау шарты бойынша берешектiң жоқ екендiгiн растайтын құжат;

Қағидалардың 7-тармағына сәйкес жекешелендiрген жағдайда — мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үйдi меншiгiне өтеусiз алуға құқығы бар азаматтардың санатына жататындығын растайтын құжат;

2) 2-кезең:

Мемлекеттiк кәсiпорындардың және мемлекеттiк мекемелердiң тұрғын үй комиссияларының шешiмдерi болғанда:

мүлiктi коммуналдық меншiкке беру туралы уәкiлеттi органның бұйрығының көшiрмесi;

мүлiктi мемлекеттiк меншiктiң бiр түрiнен екiншiсiне қабылдау-беру актiсiнiң көшiрмесi;

көрсетiлетiн қызметтi алушы мен оның отбасы мүшелерiнiң жеке басты куәландыратын құжаттардың көшiрмелерi;

3) 3-кезең:

Мемлекеттiк кәсiпорындардың және мемлекеттiк мекемелердiң тұрғын үй комиссияларының шешiмдерi болғанда:

мүлiктi мемлекеттiк меншiктiң бiр түрiнен екiншiсiне қабылдау-беру актiсiне қою кезiндегi сәтте қалдық құны туралы мәлiмет;

мемлекеттiк мекемемен немесе кәсiпорынмен жасалған жалға алу (жалға беру) шарты;

жекешендiрiлетiн тұрғын үйдiң техникалық паспортының көшiрмесi (болған кезде);

жекешелендiрген тұрғын үйдiң құнын төлегенi туралы түбiртек;

тұрғын үйдi жеңiлдiкпен жекешелендiруге құқық беретiн құжаттың көшiрмесi (қажет болғанда);

көрсетiлетiн қызметтi алушының жеке басын куәландыратын құжат (көрсетiлетiн қызметтi алушының жеке басын сәйкестендiру үшiн ұсынылады).

Жергiлiктi атқарушы органдардың тұрғын үй комиссиясының шешiмдерi болғанда:

көрсетiлетiн қызметтi алушының жеке басын куәландыратын құжат (көрсетiлетiн қызметтi алушының жеке басын сәйкестендiру үшiн ұсынылады).

Мемлекеттiк корпорацияның қызметкерi көрсетiлетiн қызметтi алушының немесе оның отбасы мүшелерiнiң жеке басын куәландыратын құжаттары, некеге тұру немесе некенi бұзу туралы (2008 жылғы 1 маусымнан кейiн), қайтыс болуы туралы (2007 жылғы 13 тамыздан кейiн), балалардың тууы туралы (2007 жылғы 13 тамыздан кейiн), меншiк құқығында (Қазақстан Республикасы бойынша) тиесiнi тұрғын үйдiң бар немесе жоқ екенi туралы анықтама, көрсетiлетiн қызметi алушыға және онымен бiрге тұрақты тұратын отбасы мүшелерiне мекенжай анықтамалары туралы мәлiметтердi "электрондық үкiмет" шлюзi арқылы тиiстi мемлекеттiк ақпараттық жүйелерден алады және оларды көрсетiлетiн қызметтi беру үшiн қағаз тасығышта басып шығарады.

Осы мемлекеттiк көрсетiлетiн қызмет стандартына 2 немесе 3-қосымшаларға сәйкес мемлекеттiк қызмет көрсету кезiнде, көрсетiлетiн қызметтi алушы егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, Мемлекеттiк корпорация ұсынған нысан бойынша ақпараттық жүйелерде қамтылған, заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәлiметтердi пайдалануға келiсiм бередi.

Мемлекеттiк корпорацияда дайын құжаттарды беру ол (не нотариалды расталған сенiмхат бойынша оның өкiлi) жеке басын құжатты ұсынған кезде қолхат негiзiнде жүзеге асырылады.

Мемлекеттiк корпорация бiр ай бойы нәтиженiң сақталуын қамтамасыз етедi, одан кейiн оларды осы мемлекеттiк көрсетiлетiн қызмет стандартына 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша талап етiлмеген құжаттарды уәкiлеттi органға жiберу тiзiлiмiмен одан әрi сақтау үшiн бередi. Бiр ай өткен соң көрсетiлетiн қызметтi алушы өтiнiш жасаған кезде Мемлекеттiк корпорацияның сұрау салуы бойынша көрсетiлетiн қызметтi берушi бiр жұмыс күнi iшiнде көрсетiлетiн қызметтi алушыға беру үшiн Мемлекеттiк корпорацияға дайын құжаттарды жiбередi.

Қосымша құжаттарды талап етуге жол берiлмейдi.

Қажеттi құжаттарды тапсырған кезде көрсетiлетiн қызметтi алушыға тиiстi құжаттардың қабылданғаны туралы қолхат берiледi.

10. Көрсетiлетiн қызметтi берушi:

1) көрсетiлетiн қызметтi алушының мемлекеттiк көрсетiлетiн қызметтi алу үшiн ұсынған құжаттардың және (немесе) олардағы деректердiң (мәлiметтердiң) анық еместiгiн анықтау;

2) көрсетiлетiн қызметтi алушының және (немесе) мемлекеттiк қызмет көрсету үшiн қажеттi ұсынылған материалдардың, объектiлердiң, деректердiң және мәлiметтердiң "Тұрғын үй қатынастары туралы" 1997 жылғы 16 сәуiрдегi Қазақстан Республикасының Заңында белгiленген талаптарға сәйкес келмеуi негiзiнде мемлекеттiк қызметтi көрсетуден бас тартады.

3-тарау. Көрсетiлетiн қызметтi берушiнiң және (немесе) оның лауазымды адамдарының, Мемлекеттiк корпорацияның және (немесе) оның қызметкерлерiнiң мемлекеттiк қызметтер көрсету мәселелерi бойынша шешiмдерiне, әрекеттерiне (әрекетсiздiгiне) шағымдану тәртiбi

11. Көрсетiлетiн қызметтi берушiнiң және (немесе) оның лауазымды адамдарының мемлекеттiк қызметтер көрсету мәселелерi бойынша шешiмдерiне, әрекеттерiне (әрекетсiздiгiне) шағымдану: шағым осы мемлекеттiк көрсетiлетiн қызмет стандартының 13-тармағында көрсетiлген мекенжайлар бойынша көрсетiлетiн қызметтi берушi басшысының атына берiледi.

Шағымдар жазбаша нысанда портал құралдары бойынша пошта бойынша немесе көрсетiлетiн қызметтi берушiнiң кеңсесi арқылы қолма-қол қабылданады.

Шағымның қабылданғанын растау көрсетiлетiн қызметтi берушiнiң кеңсесiнде шағымды адамның тегi мен аты-жөнiн, берiлген шағымға жауап алу мерзiмi мен орнын көрсете отырып, оны тiркеу (мөртабан, кiрiс нөмiрi және күнi) болып табылады.

Мемлекеттiк корпорация қызметкерiнiң әрекетiне (әрекетсiздiгiне) шағым осы мемлекеттiк көрсетiлетiн қызмет стандартының 13-тармағында көрсетiлген мекенжайлар мен телефондар бойынша Мемлекеттiк корпорация басшысына жiберiледi.

Мемлекеттiк корпорацияда қолма-қол, сол сияқты пошта арқылы келiп түскен шағымның қабылданғанын растау оның тiркелуi болып табылады (мөртаңба, кiрiс нөмiрi және тiркелген күнi шағымның екiншi данасына немесе шағымға iлеспе хатқа қойылады).

Көрсетiлетiн қызметтi алушыға шағым портал арқылы "жеке кабинеттен" жөнелткен туралы ақпарат қолжетiмдi болады, ол мемлекеттiк органда оны өңдеу (жеткiзу, тiркеу, орындау туралы белгiлер, қарау немесе қараудан бас тарту нәтижелерi бойынша жауап) барысында жаңартылып отырады.

Көрсетiлетiн қызметтi алушының көрсетiлетiн қызметтi берушiнiң, тиiстi жергiлiктi атқарушы органның атына келiп түскен шағымы тiркелген күнiнен бастап 5 (бес) жұмыс күнi iшiнде қаралуға жатады. Шағымды қараудың нәтижелерi туралы дәлелдi жауап көрсетiлетiн қызметтi алушыға пошта байланысы арқылы жiберiледi не көрсетiлетiн қызметтi берушiнiң, тиiстi жергiлiктi атқарушы органның кеңсесiне қолма-қол берiледi.

Көрсетiлетiн қызметтi алушы көрсетiлген мемлекеттiк қызмет нәтижелерiмен келiспеген жағдайда, мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөнiндегi уәкiлеттi органға шағым бере алады.

Мемлекеттiк қызметтi көрсету сапасын бағалау және бақылау жөнiндегi уәкiлеттi органның мекенжайына келiп түскен көрсетiлетiн қызметтi алушының шағымы тiркелген күнiнен бастап 15 (он бес) жұмыс күнi iшiнде қарауға жатады.

12. Көрсетiлген мемлекеттiк қызмет нәтижелерiмен келiспеген жағдайларда, көрсетiлетiн қызметтi алушы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен сотқа жүгiнедi.

4-тарау. Мемлекеттiк қызмет көрсету, оның iшiнде электрондық нысанда және Мемлекеттiк корпорация арқылы көрсетi, ерекшелiктерi ескерiле отырып, өзге де талаптар

13. Тұрмыс-тiршiлiгiн шектейтiн организм функцияларының тұрақты бұзылуынан денсаулығы бұзылған көрсетiлетiн қызметтi алушылардың, мемлекеттiк қызмет көрсету үшiн құжаттарын қабылдау қажет болған жағдайда, Бiрыңғай байланыс орталығы 1414, 8 800 080 7777 арқылы жүгiну көмегiмен тұрғылықты мекенжайына бару арқылы Мемлекеттiк корпорацияның қызметкерi жүргiзедi.

Мемлекеттiк қызмет көрсету орындарының мекенжайлары:

1) көрсетiлетiн қызметтi берушiнiң www.mid.gov.kz;

2) Мемлекеттiк корпорацияның www.gov4c.kz интернет-ресурстарында орналастырылған.

14. Көрсетiлетiн қызметтi алушының бiрыңғай байланыс орталығы арқылы қашықтықтан қол жеткiзу режимiнде мемлекеттiк қызмет көрсетудiң тәртiбi мен мәртебесi туралы ақпаратты алу мүмкiндiгi бар.

15. Көрсетiлетiн қызметтi берушiнiң анықтамалық қызметтерiнiң байланыс телефондары www.mid.gov.kz интернет-ресурсында, орналастырылған, бiрыңғай байланыс орталығы: 1414, 8 800 080 7777.

Жүктеу (DOCX 28 Kb)

Мақалың шыққан күні: 11.07.2019 11:52
Парақтағы соңғы өзгерістер: 11.07.2019 11:52

egov.kz - мемлекеттік қызметтер және ақпарат онлайн

  

-A A +A