Басқарманың ережесі

Ақмола облысы әкiмдiгiнiң
2016 жылғы 23 маусымдағы
№ А-7/318 қаулысымен
бекiтiлдi

«Ақмола облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» мемлекеттiк
мекемесi туралы
ереже

1. Жалпы ережелер

1. «Ақмола облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» мемлекеттiк мекемесi Ақмола облысының аумағында энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органы болып табылады.

2. «Ақмола облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» мемлекеттiк мекемесi өз қызметiн Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президентi мен Үкiметiнiң актiлерiне, өзге де нормативтiк құқықтық актiлерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

3. «Ақмола облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» мемлекеттiк мекемесi ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттiк тiлде өз атауы бар мөрi мен мөртаңбалары, белгiленген үлгiдегi бланкiлерi, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.

4. «Ақмола облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» мемлекеттiк мекемесi азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседi.

5. «Ақмола облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» мемлекеттiк мекемесi егер заңнамаға сәйкес осыған уәкiлеттiк берiлген болса, мемлекеттiң атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.

6. «Ақмола облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» мемлекеттiк мекемесi өз құзыретiнiң мәселелерi бойынша заңнамада белгiленген тәртiппен басшысының бұйрықтарымен ресiмделетiн шешiмдер қабылдайды.

7. «Ақмола облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» мемлекеттiк мекемесiнiң құрылымы мен штат санының лимитi қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекiтiледi.

8. Заңды тұлғаның орналасқан жерi: Қазақстан Республикасы, 020000, Ақмола облысы, Көкшетау қаласы, Абай көшесi, 89.

9. Мемлекеттiк органның толық атауы: «Ақмола облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» мемлекеттiк мекемесi.

10. Осы Ереже «Ақмола облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» мемлекеттiк мекемесiнiң құрылтай құжаты болып табылады.

11. «Ақмола облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» мемлекеттiк мекемесiнiң қызметiн каржыландыру облыстық бюджеттен жүзеге асырылады.

12. «Ақмола облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» мемлекеттiк мекемесiне кәсiпкерлiк субъектiлерiмен «Ақмола облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» мемлекеттiк мекемесiнiң функциялары болып табылатын мiндеттердi орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

Егер «Ақмола облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» мемлекеттiк мекемесiне заңнамалық актiлермен кiрiстер әкелетiн қызметтi жүзеге асыру құқығы берiлсе, онда осындай қызметтен алынған кiрiстер мемлекеттiк бюджеттiң кiрiсiне жiберiледi.

2. Мемлекеттiк органның миссиясы, негiзгi мiндеттерi,
функциялары, құқықтары мен мiндеттемелерi

13. «Ақмола облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» мемлекеттiк мекемесiнiң миссиясы: облыс аумағында тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй коммуналдық шаруашылыққа қатысты энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру саласындағы мемлекеттiк саясатын iске асыру

14. Мiндеттерi:

энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру саласындағы мемлекеттiк саясатты қамтамасыз ету;

коммуналдық қызмет көрсету саласында тұрақты жұмысты қамтамасыз ету (электр-, жылу-, газ-, сумен жабдықтау, су бұру).

15. Функциялары:

1) тұрғын үй қорын сақтау және тиiстi дәрежеде пайдалану жөнiнде iс-шаралар ұйымдастыруды қамтамасыз ету;

2) энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы табиғи монополиялар субъектiлерiнiң мемлекеттiк тiркелiмiнiң жергiлiктi бөлiмiне енгiзiлген тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктiң аумағына реттелiп көрсетiлетiн қызметтердi көрсететiн, табиғи монополия субъектiсiнiң инвестициялық бағдарламасын (жобасын) келiсу жөнiндегi ұсыныс енгiзу;

3) ұсынылатын реттелiп көрсетiлетiн қызметтердiң (тауарлардың, жұмыстардың) сапасы мен сенiмдiлiгiн арттыру мақсатында мемлекеттiк коммуналдық кәсiпорындары болып табылатын Табиғи монополиялар субъектiлерiнiң мемлекеттiк тiркелiмiнiң жергiлiктi бөлiмiне енгiзiлген табиғи монополия субъектiсiнiң инвестициялық бағдарламасының (жобасының) орындалуы туралы ақпаратқа талдау жүргiзу;

4) ауыз сумен жабдықтаудың баламасыз көздерi болып табылатын ерекше маңызды топтық және оқшау сумен жабдықтау жүйелерiнен ауыз су беру жөнiнде көрсетiлетiн қызметтердiң құнын уәкiлеттi орган бекiтетiн тiзбе бойынша субсидиялау;

5) тұрмыстық және коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылардың газ тұтыну жүйелерi мен газ жабдығын қауiпсiз пайдалану талаптарының сақталуына бақылауды жүзеге асыруы;

6) уәкiлеттi органға облыстың аумағында сұйытылған мұнай газын тұтыну болжамын ұсыну;

7) уәкiлеттi органға облыстың аумағында сұйытылған мұнай газын өткiзу және тұтыну жөнiндегi мәлiметтердi ұсыну;

8) өз құзыретi шегiнде мемлекеттiк мекемелердiң энергия тұтынудың нормативтерiн сақтауына мониторингтi жүзеге асыру;

9) тұтынушылардың жылу пайдалану құрылғыларын пайдалануын және олардың техникалық жай-күйiн бақылауды жүзеге асыру;

10) жылу желiлерiн дайындауды және жөндеу-қалпына келтiру жұмыстарын жүзеге асыруды және олардың күзгi-қысқы кезеңде жұмыс iстеуiн бақылауды жүзеге асыру;

11) коммуналдық-тұрмыстық мақсаттағы құрастырылған объектiлерде (тұрғын үй қоры, ойын-сауық, сауда және қонақүй кешендерi), қауiптi техникалық құрылғыларды пайдаланушы (лифттер, эскалаторлар, фуникулерлер) ұйымдарымен кондоминиум объектiлерiнiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету;

12) жылыту маусымына дайындық және оны өткiзу қағидаларын әзiрлеу;

13) тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектiлерiндегi 0,07 мегаПаскальдан астам қысыммен немесе 115 Цельсий градустан асатын судың қайнау температурасы кезiнде жұмыс iстейтiн қауiптi техникалық құрылғылардың, жүк көтергiш механизмдердiң, эскалаторлардың, аспалы жолдардың, фуникулерлердiң, лифтiлердiң қауiпсiз пайдаланылуын бақылау;

14) тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектiлерiнiң қауiптi техникалық құрылғыларын есепке қоюды және есептен алуды жүзеге асыру;

15) тұрмыстық баллондарды және газбен жабдықтау жүйелерiнiң объектiлерiн қауiпсiз пайдалану талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асыру;

16) сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегi уәкiлетi орган бекiтетiн үлгiлiк қағидалар негiзiнде әзiрленген қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын салу қағидаларын, жасыл екпелердi күтiп-ұстау және қорғау қағидаларын әзiрлеу;

17) есептеу аспаптары жоқ тұтынушылар үшiн газбен жабдықтау, электрмен жабдықтау, сумен жабдықтау, су бұру және жылумен жабдықтау жөнiндегi коммуналдық көрсетiлетiн қызметтердi тұтыну нормаларын бекiту туралы қаулы жобаларын әзiрлеу;

18) энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру жөнiндегi iс-шараларды тиiстi аумақтың даму бағдарламасына енгiзудi қамтамасыз ету;

19) коммуналдық қызметтердi ұсыну қағидаларын әзiрлеу;

20) тауарлық және сұйытылған мұнай газын пайдалану нормаларын әзiрлеу;

21) коммуналдық қалдықтардың түзiлуi мен жинақталу нормаларын есептеу қағидаларын әзiрлеу.

16. Құқықтары мен мiндеттерi:

1) барлық деңгейдегi ұйымдардан, мекемелер мен кәсiпорындардан «Ақмола облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» мемлекеттiк мекемесi қызметiнiң саласына қатысты ақпараттарды белгiленген тәртiп бойынша сұрату және алу;

2) өз құзыретi аясында құжаттарды басып шығаруға және оларды қандай меншiк нысанына қарамастан кәсiпорындар мен ұйымдарға тарату;

3) әлеуметтiк сала және коммуналдық шаруашылық объектiлерiн пайдалануға қабылдау жөнiндегi комиссияларға қатысу.

3. Мемлекеттiк органның қызметiн ұйымдастыру

17. «Ақмола облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» мемлекеттiк мекемесiне басшылықты «Ақмола облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» мемлекеттiк мекемесiне жүктелген мiндеттердiң орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын басшы жүзеге асырады.

18. «Ақмола облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» мемлекеттiк мекемесiнiң басшысын Ақмола облысының әкiмi қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.

19. «Ақмола облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» мемлекеттiк мекемесi басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын екi орынбасары болады.

20. «Ақмола облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» мемлекеттiк мекемесi басшысының өкiлеттiгi:

1) «Ақмола облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» мемлекеттiк мекемесiн жұмысын ұйымдастырады және басшылық етедi;

2) Заңнамаға сәйкес «Ақмола облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» мемлекеттiк мекемесiнiң қызметкерлерiн лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады;

3) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында белгiленген тәртiппен «Ақмола облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» мемлекеттiк мекемесiнiң қызметкерлерiн марапаттау, материалдық көмек көрсету, тәртiптiк жаза қолдану мәселелерiн шешедi;

4) мемлекеттiк мекемелерде, басқа да ұйымдарда «Ақмола облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» мемлекеттiк мекемесi атынан өкiлдiк етедi;

5) сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет ету бойынша шаралар қолданады және ол үшiн дербес жауап бередi;

6) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкiлеттiлiктердi жүзеге асырады.

«Ақмола облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» мемлекеттiк мекемесiнiң басшысы болмаған кезеңде, оның өкiлеттiктерiн қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.

21. Басшы өз орынбасаларының өкiлеттiктерiн қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгiлейдi.

4. Мемлекеттiк органның мүлкi

22. «Ақмола облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» мемлекеттiк мекемесiнiң заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкi болуы мүмкiн.

«Ақмола облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» мемлекеттiк мекемесiнiң мүлкi оған меншiк иесi берген мүлiк, сондай-ақ өз қызметiнiң нәтижесiнде сатып алынған мүлiк (ақшалай кiрiстердi коса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебiнен қалыптастырылады.

23. «Ақмола облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» мемлекеттiк мекемесiне бекiтiлген мүлiк коммуналдық меншiкке жатады.

24. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, «Ақмола облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» мемлекеттiк мекемесi, өзiне бекiтiлген мүлiктi және қаржыландыру жоспары бойынша өзiне бөлiнген қаражат есебiнен сатып алынған мүлiктi өз бетiмен иелiктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсiлмен билiк етуге құқығы жоқ.

5. Мемлекеттiк органды қайта ұйымдастыру және тарату

25. «Ақмола облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» мемлекеттiк мекемесiн қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Мақалың шыққан күні: 23.12.2016 09:24
Парақтағы соңғы өзгерістер: 23.12.2016 09:24

egov.kz - мемлекеттік қызметтер және ақпарат онлайн

-A A +A