Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы

Энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру туралы

Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 13 қаңтардағы № 541-IV Заңы

Қолданушылар назарына!

Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшiн РҚАО мазмұнды жасады.

МАЗМҰНЫ

РҚАО-ның ескертпесi!

Осы Заңның қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 24-б. қараңыз.

Осы Заң энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейдi және жеке және заңды тұлғалар қызметiнiң құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық негiздерiн айқындайды.

1-тарау. Жалпы ережелер

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:

1) аккредиттеу туралы куәлiк — энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру саласындағы уәкiлеттi орган беретiн, заңды тұлғалардың энергия аудитiн және (немесе) энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру сараптамасын жүзеге асыру құзыретiн куәландыратын ресми құжат;

2) квазимемлекеттiк сектор субъектiлерi — мемлекеттiк кәсiпорындар, жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктер, акционерлiк қоғамдар, оның iшiнде қатысушысы немесе акционерi мемлекет болып табылатын ұлттық басқару холдингтерi, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiне сәйкес олармен үлестес болып табылатын еншiлес, тәуелдi және өзге де заңды тұлғалар;

3) Мемлекеттiк энергетикалық тiзiлiм — Мемлекеттiк энергетикалық тiзiлiм субъектiлерi туралы ақпараттың жүйеленген жиынтығы;

4) Мемлекеттiк энергетикалық тiзiлiм операторы — Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен Мемлекеттiк энергетикалық тiзiлiмдi қалыптастыруды және жүргiзудi жүзеге асыратын ұйым;

5) Мемлекеттiк энергетикалық тiзiлiм субъектiлерi — энергетикалық ресурстарды жылына шартты отынның бiр мың бес жүз және одан көп тоннаға барабар көлемiнде энергетикалық ресурстар тұтынатын жеке кәсiпкерлер және заңды тұлғалар, сондай-ақ мемлекеттiк мекемелер мен квазимемлекеттiк сектордың субъектiлерi;

6) терможаңғырту — үйлердiң, құрылыстардың, ғимараттардың жылу энергиясы ысырабының азаюына әкелетiн, олардың жылу техникалық сипаттамасын жақсарту жөнiндегi iс-шара;

7) үйлердiң, құрылыстардың, ғимараттардың энергия тиiмдiлiгi сыныбы — үйлердiң, құрылыстардың, ғимараттардың энергия тұтыну үнемдiлiгiнiң пайдалану сатысындағы энергия тиiмдiлiгiн сипаттаушы деңгейi;

8) шартты отын — техникалық-экономикалық есептеулер кезiнде қабылданған, органикалық отынның алуан түрлерiнiң жылу құндылығын салыстыру үшiн қызмет ететiн, нормативтер мен стандарттарда регламенттелетiн бiрлiк;

9) энергетикалық аудит (энергия аудитi) — энергия үнемдеудiң мүмкiндiгi мен әлеуетiн бағалау және қорытынды дайындау мақсатында энергетикалық ресурстардың пайдаланылуы туралы деректердi жинау, өңдеу және талдау;

10) энергетикалық ресурстар — запастағы энергиясы қазiргi уақытта шаруашылық және өзге де қызмет түрлерiне пайдаланылатын немесе перспективада пайдаланылуы мүмкiн табиғи және өндiрiлген энергия көздерiнiң жиынтығы, сондай-ақ энергия түрлерi (атом, электр, химия, электрлi-магниттi, жылу және энергияның басқа түрлерi);

11) энергетикалық ресурстарды тиiмдi пайдалану — энергетикалық ресурстарды пайдаланудың техникалық жағынан мүмкiн болатын және экономикалық жағынан ақталған деңгейiне қол жеткiзу;

12) энергетикалық тиiмдiлiк (энергия тиiмдiлiгi) — энергетикалық ресурстарды пайдаланудан болған пайдалы әсердiң осы әсердi алу мақсатында өндiрiлген энергетикалық ресурстардың шығындарына қатынасын көрсететiн сипаттамалар;

13) энергия тұтынатын электр құрылғысының энергия тиiмдiлiгi сыныбы — энергия тұтынатын электр құрылғысының энергия тұтыну үнемдiлiгiнiң пайдалану сатысындағы энергия тиiмдiлiгiн сипаттаушы деңгейi;

14) энергия үнемдеу — пайдаланылатын энергетикалық ресурстардың көлемiн азайтуға бағытталған ұйымдастырушылық, техникалық, технологиялық, экономикалық және өзге де шараларды iске асыру;

15) энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру саласындағы аккредиттеу — энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру саласындағы уәкiлеттi органның энергия аудитi және (немесе) энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру сараптамасын жүзеге асыруға заңды тұлғалардың құзыретiн ресми тану рәсiмi;

16) энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру саласындағы менеджмент (энергия менеджментi) — энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру саясатын, iс-шаралар жоспарын, мониторинг рәсiмдерi мен әдiстемелерiн, энергия тұтынуды бағалауды әзiрлеу мен iске асыруды және энергия тиiмдiлiгiн арттыруға бағытталған басқа да iс-қимылдарды қамтитын, энергетикалық ресурстарды ұтымды пайдалануды қамтамасыз етуге және басқару объектiсiнiң энергия тиiмдiлiгiн арттыруға бағытталған әкiмшiлiк iс-қимылдар кешенi;

17) энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру саласындағы уәкiлеттi орган (бұдан әрi — уәкiлеттi орган) — энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру саласындағы басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

18) энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру сараптамасы — энергетикалық ресурстарды пайдаланумен және үйлердi, құрылыстарды, ғимараттарды салу, сондай-ақ оларды реконструкциялауды, күрделi жөндеудi жүргiзу кезiнде тұтынушылардың энергиямен қамтамасыз етуге арналған шығындарын оңтайландыруымен байланысты сәулет-құрылыс және техникалық шешiмдердiң энергия тиiмдiлiгiн бағалау мақсатында жүргiзiлетiн сараптама;

19) энергия үнемдеушi жабдық — энергетикалық ресурстарды пайдаланудың тиiмдiлiгiн арттыруға мүмкiндiк беретiн жабдық;

20) энергия үнемдеушi материал — энергетикалық ресурстарды пайдаланудың тиiмдiлiгiн арттыруға мүмкiндiк беретiн материал.

2-бап. Қазақстан Республикасының энергия үнемдеу және

энергия тиiмдiлiгiн арттыру туралы заңнамасы

1. Қазақстан Республикасының энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.

2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғандардан өзге қағидалар белгiленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

2-тарау. Энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн

арттыру саласындағы мемлекеттiк реттеу

3-бап. Энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру

саласындағы мемлекеттiк реттеудiң негiзгi

бағыттары

Энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру саласындағы мемлекеттiк реттеудiң негiзгi бағыттары:

1) энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру саласында техникалық реттеудi жүзеге асыру;

2) энергетикалық ресурстарды өндiру және тұтыну саласындағы теңгерiмдi тарифтiк саясат пен баға белгiлеудi жүзеге асыру;

3) энергия үнемдейтiн жабдықтар мен материалдарды пайдалануды қоса алғанда, энергия үнемдеудi және энергия тиiмдiлiгiн арттыруды ынталандыру;

4) энергетикалық ресурстардың тиiмдi пайдаланылуына мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыру;

5) энергетикалық ресурстарды тиiмдi пайдаланудың экономикалық, экологиялық және әлеуметтiк артықшылықтарын насихаттау, осы салада қоғамдық бiлiм беру деңгейiн арттыру;

6) Қазақстан Республикасының энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру туралы заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету болып табылады.

4-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құзыретi

Қазақстан Республикасының Үкiметi:

1) энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттарын әзiрлейдi;

2) энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру жөнiндегi жұмыстарды үйлестiрудi жүзеге асырады;

3) энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;

4) энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру саласындағы аккредиттеу қағидасын бекiтедi;

5) энергия тұтынудың нормативтерiн, дара кәсiпкерлердiң және заңды тұлғалардың электр желiлерiндегi қуат коэффициентiнiң нормативтiк мәнiн бекiтедi;

6) Мемлекеттiк энергетикалық тiзiлiмдi қалыптастыру және жүргiзу тәртiбiн бекiтедi;

7) Мемлекеттiк энергетикалық тiзiлiм операторын айқындайды;

8) энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру мәселелерi бойынша жергiлiктi атқарушы органдар қызметiн бағалау тетiгiн бекiтедi;

9) үйлердiң, құрылыстардың, ғимараттардың және олардың қоршау конструкцияларының бөлiгi болып табылатын элементтерiнiң энергия тиiмдiлiгi жөнiндегi талаптарды белгiлейдi;

10) көлiктiң энергия тиiмдiлiгi бойынша талаптарды белгiлейдi;

11) электр қозғалтқыштарының энергия тиiмдiлiгi бойынша талаптарды белгiлейдi;

12) үйлердiң, құрылыстардың, ғимараттардың энергия тиiмдiлiгi сыныбын айқындау және қайта қарау қағидасын бекiтедi;

13) энергия аудитiн жүргiзу тәртiбiн және энергия үнемдеу мен энергия тиiмдiлiгiн арттыру сараптамасын жүргiзу тәртiбiн бекiтедi;

14) үйлердiң, құрылыстардың, ғимараттардың жобалау алдындағы және (немесе) жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасына қойылатын энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру жөнiндегi талаптарды бекiтедi;

15) энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру саласындағы үлгi келiсiмдi бекiтедi;

16) энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру саласындағы салалық бағдарламаны бекiтедi;

17) энергия аудитiнiң қорытындысы бойынша Мемлекеттiк энергетикалық тiзiлiм субъектiсi әзiрлейтiн, энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру жөнiндегi iс-шаралар жоспарының нысаны мен мазмұнына қойылатын талаптарды бекiтедi;

18) энергия аудитiн және (немесе) энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру сараптамасын жүзеге асыратын кадрларды қайта даярлау және олардың бiлiктiлiгiн арттыру, сондай-ақ энергия менеджментi жүйесiн құру, енгiзу және ұйымдастыру жөнiндегi оқу орталықтарының қызмет тәртiбiн айқындайды;

19) орталық атқарушы органдардың энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру саласындағы мемлекеттiк саясаттың iске асырылуы жөнiндегi есептерiнiң нысанын және оларды ұсыну мерзiмдерiн бекiтедi;

20) өзiне Қазақстан Республикасының Конституциясында, заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiнде жүктелген өзге де функцияларды орындайды.

5-бап. Уәкiлеттi органның құзыретi

Уәкiлеттi орган:

1) энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асырады;

2) өз құзыретi шегiнде энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;

3) мемлекеттiк органдардың энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгi саласындағы қызметiн салааралық үйлестiрудi жүзеге асырады;

4) Мемлекеттiк энергетикалық тiзiлiмдi қалыптастыруды және жүргiзудi ұйымдастырады;

5) Қазақстан Республикасының энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру туралы заңнамасы талаптарының сақталуына мемлекеттiк бақылауды жүзеге асырады;

6) энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру саласындағы нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлейдi;

7) Қазақстан Республикасының энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру туралы заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманың нысанын әзiрлейдi және бекiтедi;

8) энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру саласындағы салалық бағдарламаны әзiрлейдi;

9) Мемлекеттiк энергетикалық тiзiлiмнiң энергетикалық ресурстарды, суды тұтынудың көлемiн өнiмнiң, үйлердiң, құрылыстар мен ғимараттардың алаңы бiрлiгiне, энергия аудитi қорытындылары бойынша айқындалған шамаға дейiн жыл сайын азайтуды қамтамасыз етпеген субъектiлерiнiң, оның iшiнде энергия тұтынудың нормативтерiн сақтамайтын мемлекеттiк мекемелердi қамтитын тiзбесiн қалыптастырады және өзiнiң интернет ресурсында орналастырады;

10) энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру саласындағы ғылыми-зерттеу және тәжiрибелiк-конструкторлық жұмыстарды, сондай-ақ технологиялық әзiрлемелердi жүргiзудi ұйымдастырады және үйлестiредi;

11) энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру саласындағы аккредиттеу жөнiндегi тұрақты жұмыс iстейтiн комиссияны құрады, оның құрамын және қызмет тәртiбiн бекiтедi;

12) энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру саласындағы аккредиттеудi жүргiзедi және аккредиттеу туралы куәлiктiң нысанын бекiтедi;

13) аккредиттеу туралы куәлiк алған заңды тұлғалардың тiзiлiмiн жүргiзедi;

14) энергия аудитiн және (немесе) энергия үнемдеу мен энергия тиiмдiлiгiн арттыру сараптамасын жүзеге асыратын кадрларды қайта даярлау мен олардың бiлiктiлiгiн арттыру, сондай-ақ энергия менеджментi жүйесiн құру, енгiзу және ұйымдастыру жөнiндегi оқу орталықтарын құруды және олардың жұмысын ұйымдастырады;

15) энергия аудитiн және (немесе) энергия үнемдеу мен энергия тиiмдiлiгiн арттыру сараптамасын жүзеге асыратын кадрларды қайта даярлау және олардың бiлiктiлiгiн арттыру, сондай-ақ энергия менеджментi жүйесiн құру, енгiзу және ұйымдастыру жөнiндегi оқу орталықтарының тiзбесiн қалыптастырады;

16) энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру саласындағы мемлекеттiк саясаттың iске асырылу мониторингiн жүзеге асырады, Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген нысан бойынша және мерзiмдерде орталық атқарушы органдар ұсынатын есептерге талдау жүргiзедi;

17) энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру саласындағы үлгiлiк келiсiмдi әзiрлейдi;

18) «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мiндеттi ведомстволық есептiлiктiң, тексеру парақтарының нысандарын, тәуекел дәрежесiн бағалау өлшемдерiн, тексерулер жүргiзудiң жартыжылдық жоспарларын әзiрлейдi және бекiтедi;

19) Мемлекеттiк энергетикалық тiзiлiм операторын Қазақстан Республикасының Үкiметiне бекiтуге ұсынады;

20) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасының Президентi мен Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң актiлерiнде көзделген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

Ескерту. 5-бапқа өзгерiс енгiзiлдi — ҚР 2012.07.10 N 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

6-бап. Өзге де мемлекеттiк органдардың энергия үнемдеу

және энергия тиiмдiлiгiн арттыру саласындағы

құзыретi

1. Орталық атқарушы органдар өз құзыретi шегiнде энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асырады және Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген нысан бойынша және мерзiмдерде уәкiлеттi органға энергия үнемдеу мен энергия тиiмдiлiгiн арттыру туралы есептердi бередi.

2. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган:

1) үйлердi, құрылыстарды, ғимараттарды реконструкциялау, салу мақсатында әзiрленетiн және бекiтiлетiн сәулет-құрылыс және өзге де жобалау алдындағы және (немесе) жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасында энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру жөнiндегi талаптардың сақталуын қамтамасыз етедi;

2) терможаңғыртуды ескере отырып, үлгiлiк көппәтерлi үйлердiң жобалау алдындағы және (немесе) жобалау-сметалық құжаттамаларының әзiрленуi мен бекiтiлуiн қамтамасыз етедi;

3) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң актiлерiнде көзделген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

3. Техникалық реттеу саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган:

1) кеден одағының техникалық регламентiне сәйкес энергия тұтынатын электр құрылғылардың техникалық құжаттамасында және заттаңбаларында энергия тиiмдiлiгiнiң сыныбы мен сипаттамаларының белгiленуiне мемлекеттiк бақылауды жүзеге асырады;

2) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң актiлерiнде көзделген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

4. Облыстардың жергiлiктi атқарушы органдары:

1) энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру жөнiндегi iс-шараларды тиiстi аумақтың даму бағдарламасына енгiзудi қамтамасыз етедi;

2) өз құзыретi шегiнде энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асырады;

3) өз құзыретi шегiнде мемлекеттiк мекемелердiң энергия тұтынудың нормативтерiн сақтауына мониторингтi жүзеге асырады;

4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.

5. Республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары:

1) энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру жөнiндегi iс-шараларды тиiстi аумақтың даму бағдарламасына енгiзудi қамтамасыз етедi;

2) өз құзыретi шегiнде энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асырады;

3) өз құзыретi шегiнде мемлекеттiк мекемелердiң энергия тұтынудың нормативтерiн сақтауына мониторингтi жүзеге асырады, мемлекеттiк мекемелердiң энергия аудитiн өткiзудi, терможаңғыртуды, мемлекеттiк мекемелер үшiн энергетикалық ресурстарды есепке алу аспаптары мен жылу тұтынуды реттеудiң автоматты жүйелерiн сатып алуды және орнатуды ұйымдастырады, сондай-ақ энергия үнемдейтiн шамдарды пайдалануды ескере отырып, саябаққа және көшеге жарық берудi жаңғыртуды қамтамасыз етедi;

4) тұрғындарда пайдалануда болған, құрамында сынап бар энергия үнемдеу шамдарын кәдеге жаратуды ұйымдастырады;

5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.

6. Аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергiлiктi атқарушы органдары:

1) энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру жөнiндегi iс-шараларды тиiстi ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) даму бағдарламасына енгiзудi қамтамасыз етедi;

2) өз құзыретi шегiнде энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асырады;

3) өз құзыретi шегiнде мемлекеттiк мекемелердiң энергия тұтыну нормативтерiн сақтауына мониторингтi жүзеге асырады, мемлекеттiк мекемелердiң энергия аудитiн өткiзудi, терможаңғыртуды, мемлекеттiк мекемелер үшiн энергетикалық ресурстарды есепке алу аспаптары мен жылу тұтынуды реттеудiң автоматты жүйелерiн сатып алуды және орнатуды ұйымдастырады, сондай-ақ энергия үнемдейтiн шамдарды пайдалануды ескере отырып, саябаққа және көшеге жарық берудi жаңғыртуды қамтамасыз етедi;

4) тұрғындарда пайдалануда болған, құрамында сынап бар энергия үнемдеу шамдарын кәдеге жаратуды ұйымдастырады;

5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.

7-бап. Қазақстан Республикасының энергия үнемдеу және

энергия тиiмдiлiгiн арттыру туралы заңнамасының

сақталуын мемлекеттiк бақылау

1. Энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру саласындағы мемлекеттiк бақылау:

1) Мемлекеттiк энергетикалық тiзiлiмге ұсынылатын ақпараттың дұрыстығына;

2) осы Заңның 11-бабының 3-тармағында көрсетiлген объектiлерден басқа, үйлерде, құрылыстар мен ғимараттарда энергия тиiмдiлiгi жөнiндегi талаптардың орындалуына;

3) дара кәсiпкерлердiң және заңды тұлғалардың энергия тұтыну нормативтерi мен электр желiлерiндегi қуат коэффициентiнiң нормативтiк мәндерiн сақтауына;

4) энергия аудитiнiң және энергия үнемдеу мен энергия тиiмдiлiгiн арттыру сараптамасының жүргiзiлуiне, энергия аудитiн және (немесе) энергия үнемдеу мен энергия тиiмдiлiгiн арттыру сараптамасын жүзеге асыратын кадрларды қайта даярлау мен олардың бiлiктiлiгiн арттыру, сондай-ақ энергия менеджментi жүйесiн құру, енгiзу және ұйымдастыру жөнiндегi оқу орталықтарына қойылатын талаптардың сақталуына;

5) осы Заңда және энергия үнемдеу мен энергия тиiмдiлiгiн арттыру саласындағы басқа да нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген өзге де талаптардың сақталуына жүзеге асырылады.

2. Қазақстан Республикасының энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру туралы заңнамасының сақталуына мемлекеттiк бақылау тексеру нысанында және өзге де нысандарда жүзеге асырылады.

Тексеру «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.

3-тарау. Энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру саласындағы жалпы талаптар

8-бап. Энергия үнемдейтiн жабдықтар мен материалдарды

пайдалану, жаңа объектiлердi қабылдау бойынша

шектеулер және тұтынылған жылу энергиясы үшiн ақы

төлеу

1. Энергетикалық ресурстарды тұтынатын объектiлердiң құрылыс жобаларында энергия үнемдейтiн материалдарды мiндеттi пайдалану, энергетикалық ресурстарды есепке алу аспаптарын, жылу тұтынуды реттеудiң автоматтандырылған жүйелерiн орнату көзделедi.

Көппәтерлi тұрғын үйлердiң жобаларында энергия үнемдейтiн материалдарды мiндеттi пайдалану, жалпы үйдiң жылу энергиясын есепке алу аспаптарын және пәтер бойынша электр энергиясын, суық және ыстық суды, газды есепке алу аспаптарын, сондай-ақ жылыту жүйелерiнде реттеушi аспаптарды, жылу тұтынуды реттеудiң автоматтандырылған жүйелерiн орнату көзделедi.

2. Энергетикалық ресурстарды тұтынатын, энергетикалық ресурстарды есепке алудың тиiстi аспаптарымен және жылу тұтынуды реттеудiң автоматтандырылған жүйелерiмен жарақтандырылмаған жаңа объектiлердi пайдалануға қабылдауға жол берiлмейдi.

3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарының жылу тұтынуды реттеудiң автоматтандырылған жүйелерi бөлiгiндегi талаптары жылу энергиясын сағат бойынша орташа 50 кВт-дан аз тұтынатын (жылу энергиясы, жылыту, желдету, кондиционерлеу және ыстық сумен жабдықтау шығыстарын қоса алғанда) объектiлерге қолданылмайды.

4. Тұтынушылар Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар және реттелетiн нарықтар туралы заңнамасына сәйкес бекiтiлген, жылу энергиясын есепке алу аспаптарының болуына немесе болмауына байланысты сараланған тарифтер бойынша тұтынылған жылу энергиясы үшiн ақы төлеудi жүргiзедi.

9-бап. Мемлекеттiк энергетикалық тiзiлiм

1. Мемлекеттiк энергетикалық тiзiлiмге енгiзiлетiн ақпарат:

1) Мемлекеттiк энергетикалық тiзiлiм субъектiлерiнiң атауын, мекенжайы мен олардың қызметiнiң негiзгi түрлерiн;

2) күнтiзбелiк бiр жыл iшiнде заттай және ақшалай көрiнiстегi энергетикалық ресурстарды және суды өндiру, шығару, тұтыну, беру және жоғалту көлемдерiн;

3) энергия аудитi қорытындысы бойынша Мемлекеттiк энергетикалық тiзiлiм субъектiсi әзiрлейтiн энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру жөнiндегi iс-шаралар жоспарын, сондай-ақ осы энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру жөнiндегi iс-шаралар жоспарына енгiзiлетiн толықтыруларды және (немесе) өзгерiстердi;

4) есептi кезең iшiнде энергия аудитi қорытындысы бойынша Мемлекеттiк энергетикалық тiзiлiм субъектiсi әзiрлейтiн энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру жөнiндегi iс-шаралар жоспарының орындалу нәтижелерiн;

5) өнiм бiрлiгiне шаққанда нақты энергия тұтынуды және (немесе) үйлер, құрылыстар, ғимараттар ауданының бiрлiгiне шаққанда жылытуға кеткен энергетикалық ресурстар шығынын;

6) энергия аудитi бойынша қорытындының көшiрмесiн;

7) энергетикалық ресурстарды есепке алу аспаптарымен жарақтандырылуы туралы ақпаратты қамтиды.

2. Мемлекеттiк мекемелер үшiн 3), 4), 6) тармақшаларды қоспағанда, осы баптың 1-тармағында көрсетiлген ақпаратты Мемлекеттiк энергетикалық тiзiлiм субъектiлерi жыл сайын қағаз және электронды жеткiзгiштерде бiрiншi наурызға дейiн Мемлекеттiк энергетикалық тiзiлiм операторына ұсынады.

3. Мемлекеттiк энергетикалық тiзiлiмнiң және мемлекеттiк органдардың деректерi негiзiнде уәкiлеттi орган жалпы iшкi өнiмнiң энергия сыйымдылығын және Қазақстан Республикасында энергетикалық ресурстарды пайдалану тиiмдiлiгiн талдауды және болжамдауды қамтамасыз етедi.

10-бап. Энергия менеджментi

1. Жылына бiр мың бес жүз және одан көп тоннаға барабар шартты отын көлемiнде энергетикалық ресурстарды тұтынатын Мемлекеттiк энергетикалық тiзiлiм субъектiлерi энергия менеджментi бойынша халықаралық стандарттың талаптарына сәйкес энергия менеджментiнiң жүйесiн құруға, енгiзуге және оның жұмысын ұйымдастыруға мiндеттi.

2. Энергия менеджментi жүйесiн құруды, енгiзудi және ұйымдастыруды бақылау жылына бiр мың бес жүз және одан көп тоннаға барабар шартты отын көлемiнде энергетикалық ресурстарды тұтынатын Мемлекеттiк энергетикалық тiзiлiм субъектiлерiнiң бiрiншi басшыларына жүктеледi.

11-бап. Үйлердiң, құрылыстардың, ғимараттардың энергия

тиiмдiлiгiн қамтамасыз ету

1. Жобаланатын және салынатын (реконструкцияланатын, күрделi жөнделетiн) үйлер, құрылыстар, ғимараттар Қазақстан Республикасының энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру туралы заңнамасының талаптарына сәйкес келуге тиiс.

2. Үйлердiң, құрылыстардың, ғимараттардың энергия тиiмдiлiгi бойынша талаптары:

1) үйдегi, құрылыстағы, ғимараттағы энергетикалық ресурстар шығынының үлестiк шамасын сипаттайтын көрсеткiштердi;

2) сәулет, көлемдiк-жоспарлау, технологиялық, конструкциялық және инженерлiк-техникалық шешiмдерге үйлердiң, құрылыстардың, ғимараттардың энергия тиiмдiлiгiне ықпал ететiн талаптарды;

3) үйлерде, құрылыстарда, ғимараттарда пайдаланылатын инженерлiк жүйелер мен технологиялық жабдықтарға қойылатын талаптарды;

4) жобалау құжаттамасына енгiзiлетiн және үйлердi, құрылыстарды, ғимараттарды салу (реконструкциялау, күрделi жөндеу) кезiнде қолданылатын технологиялар мен материалдарға қойылатын, энергетикалық ресурстардың ұтымсыз (негiзсiз) шығыстарын болдырмауға мүмкiндiк беретiн талаптарды қамтуы тиiс.

Үйлердi, құрылыстарды, ғимараттарды пайдалануға беру кезiнде энергия тиiмдiлiгi жөнiндегi талаптарды орындау құрылыс салушыға жүктеледi.

3. Энергия тиiмдiлiгi жөнiндегi талаптар мынадай үйлерге, құрылыстарға, ғимараттарға қолданылмайды:

1) тарихи-мәдени мұра объектiлерiне жатқызылған үйлер, құрылыстар, ғимараттар;

2) қызмет мерзiмi екi жылдан аспайтын шаруашылық мақсаттағы уақытша құрылыстар, қосалқы үй-жайлар;

3) жеке тұрғын үйлер, сондай-ақ саяжай және бау-бақша учаскелерiнде орналасқан құрылыстар;

4) жалпы алаңы елу шаршы метрден аз бөлек тұрған үйлер, құрылыстар, ғимараттар;

5) ғибадат ету үйлерi, құрылыстары және ғимараттары;

6) бөлек тұрған жылытылмайтын үйлер, құрылыстар, ғимараттар.

4. Энергия тиiмдiлiгiнiң талап етiлетiн сыныбы құрылыс (реконструкциялау, күрделi жөндеу) жобасын әзiрлеуге тапсырыс берушiнiң тапсырмасында көрсетiледi және құрылысы (реконструкциялау, күрделi жөндеу) аяқталған объект пайдалануға берiлгеннен кейiн жылжымайтын мүлiкке арналған құқықтарды тiркеу кезiнде салынған және пайдалануға берiлген объектiнiң техникалық паспортында көрсетiледi.

5. Қолданыстағы үйлердiң, құрылыстардың, ғимараттардың энергия тиiмдiлiгi сыныбы және оны қайта қарау Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындаған тәртiппен, энергия аудитiн жүргiзу қорытындылары бойынша белгiленедi және үйдiң, құрылыстың, ғимараттың техникалық паспортында көрсетiледi.

Энергия аудитiнiң қорытындысы үйлердiң, құрылыстардың, ғимараттардың техникалық паспортына қоса берiледi.

12-бап. Энергия тұтынатын электр құрылғылары

1. Қазақстан Республикасының аумағында сатылатын, энергия тұтынатын электр құрылғыларының техникалық құжаттамасында және заттаңбаларында олардың сыныбы мен энергия тиiмдiлiгiнiң сипаттамалары туралы ақпарат болуға тиiс.

2. Осы баптың 1-тармағының талаптары қолданылатын энергия тұтынатын электр құрылғыларының тiзбесi кеден одағының техникалық регламентiнде белгiленедi.

3. Энергия тиiмдiлiгiнiң сыныбы мен сипаттамаларын анықтау кеден одағының техникалық регламентiне сәйкес жүргiзiледi және оны өндiрушi (импорттаушы) жүзеге асырады.

4. Өндiрушiлер (импорттаушылар) энергия тұтынатын электр құрылғыларының техникалық құжаттамасында және заттаңбаларында энергия тиiмдiлiгiнiң сыныбы мен сипаттамаларын кеден одағының техникалық регламентiне сәйкес көрсетуге мiндеттi.

13-бап. Өнiмдердi өндiру, сату және пайдалану бойынша

шектеулер

Энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру мақсатында мыналарға:

1) жарық беру мақсатында ауыспалы ток тiзбектерiнде пайдаланылуы мүмкiн, қуаты 25 Вт және одан жоғары электр қыздыру шамдарын өндiруге, сатуға;

2) жарық беру мақсатында ауыспалы ток тiзбектерiнде пайдаланылуы мүмкiн, қуаты 25 Вт және одан жоғары электр қыздыру шамдарын мемлекеттiк мекемелер мен квазимемлекеттiк сектор субъектiлерi үшiн сатып алуды жүзеге асыруға;

3) салынып жатқан (реконструкцияланатын, күрделi жөнделетiн) үйлерде, құрылыстарда, ғимараттарда Қазақстан Республикасының энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру туралы заңнамасында белгiленген талаптарға сәйкес келмейтiн материалдарды өндiруге және технологиялар мен материалдарды пайдалануға;

4) кеден одағының техникалық регламентiне сәйкес олардың энергия тиiмдiлiгiнiң сыныбы мен сипаттамалары туралы ақпаратты қамтымайтын энергия тұтынатын электр құрылғыларын өндiруге, сатуға;

5) 2,5 дәлдiк сыныбы бар электр энергиясын есептеуiштердi коммерциялық есепке алу мақсатында пайдалануға жол берiлмейдi.

2. Жаңа iске қосылған объектiлерде және қолданыстағы объектiлердегi электр энергиясын есептеуiштердi ауыстыру кезiнде тәулiк уақыты бойынша электр энергиясының шығыстарын саралап есепке алуға және бақылауға арналмаған электр энергиясын есептеуiштердi пайдалануға тыйым салынады.

4-тарау. Энергия үнемдеудi және энергия тиiмдiлiгiн

арттыруды қамтамасыз етуге бағытталған iс-шаралар

14-бап. Энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру

саласындағы аккредиттеу

1. Энергия аудитi мен энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру сараптамасы энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру саласындағы қызметтiң аккредиттелетiн түрлерiне жатады.

2. Энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру саласындағы аккредиттеу Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.

3. Заңды тұлғалардың аккредиттеу туралы құжаттарын қарау және олар бойынша шешiм қабылдау үшiн энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру саласында аккредиттеу жөнiндегi тұрақты жұмыс iстейтiн комиссия құрылады, оның құрамы мен қызмет тәртiбiн уәкiлеттi органның басшысы айқындайды.

Аккредиттеу туралы құжаттарды қарауды комиссия олар уәкiлеттi органға келiп түскен кезден бастап есептелетiн отыз жұмыс күнi iшiнде жүзеге асырады.

Оң шешiм қабылданған жағдайда уәкiлеттi орган өтiнiш берушiге аккредиттеу туралы куәлiк бередi.

Аккредиттеуден бас тартқан жағдайда өтiнiш берушiге бас тарту себебi көрсетiле отырып, дәлелдi жазбаша жауап жiберiледi.

Аккредиттеуден бас тарту үшiн:

1) ұсынылған құжаттарда бұрыс ақпараттың болуы;

2) ұсынылған ақпараттың энергия аудитi және (немесе) энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру сараптамасы бойынша қызметтi жүзеге асыру үшiн қойылатын талаптарға сәйкес келмеуi;

3) қызметтiң мәлiмделген түрiмен айналысуға тыйым салу туралы сот шешiмiнiң болуы негiз болып табылады.

4. Уәкiлеттi орган берген аккредиттеу туралы куәлiк Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында жарамды және оның қолданылу мерзiмi бес жыл болады.

Аккредиттеу туралы куәлiктiң қолданылу мерзiмi аккредиттеу туралы шешiм қабылданған сәттен бастап есептеледi.

5. Аккредиттеу туралы куәлiктен айыру Қазақстан Республикасының Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексiнде көзделген тәртiппен жүзеге асырылады.

6. Аккредиттеу туралы куәлiктiң қолданылуын тоқтатудың энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру туралы заңнама талаптарының бұзылуына байланысты емес негiздерi мыналар болып табылады:

1) аккредиттелген субъектiнiң жазбаша өтiнiшi;

2) аккредиттелген субъектiнiң таратылуы немесе банкротқа ұшырауы.

7. Энергия аудитiн және энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру сараптамасын жүзеге асыру үшiн қойылатын, заңды тұлғалар сәйкес болуға тиiс талаптар Қазақстан Республикасының энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру туралы заңнамасында белгiленедi.

15-бап. Энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру

сараптамасы

1. Күнтiзбелiк бiр жыл iшiнде бес жүз және одан көп тоннаға барабар шартты отын мөлшерiнде энергетикалық ресурстар тұтынатын жаңа үйлердi, құрылыстарды, ғимараттарды салудың немесе қазiргi барларын кеңейтудiң (күрделi жөндеудiң, реконструкциялаудың) жобалау алдындағы және (немесе) жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасы мiндеттi түрде энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру сараптамасына жатады.

Қолданыстағы мемлекеттiк немесе мемлекетаралық нормативтердiң болуымен қамтамасыз етiлмеген, жоқ нормативтердi алмастыратын арнайы техникалық шарттар (ерекше нормалар) бойынша әзiрленген объектiлердi салуға арналған жобалау алдындағы және (немесе) жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасы бойынша энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру сараптамасын өткiзу мiндеттi болып табылады.

Мемлекеттiк сараптамаға жататын, энергия үнемдеуге және энергия тиiмдiлiгiн арттыруға қойылатын Қазақстан Республикасында қолданыстағы мемлекеттiк немесе мемлекетаралық нормативтiк талаптарға сәйкес орындалған, күнтiзбелiк бiр жыл iшiнде энергетикалық ресурстарды жиынтық жылдық тұтынуы бес жүз тоннадан аз шартты отынға барабар объектiлер құрылысына арналған жобалар (жобалау алдындағы және (немесе) жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасы) бойынша мiндеттi энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру сараптамасы жүргiзiлмейдi.

2. Энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру сараптамасының негiзгi мiндетi үйлердi, құрылыстарды және ғимараттарды салуға және реконструкциялауға арналған жобалау алдындағы және жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасының Қазақстан Республикасының энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру туралы заңнамасына сәйкестiгiн белгiлеу болып табылады.

3. Энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру сараптамасын жүргiзу құқығына қызметтiң осы түрi бойынша аккредиттеу туралы куәлiк алған заңды тұлғалар ие болады.

4. Заңды тұлғалар өздерi әзiрлеген немесе олардың қатысуымен әзiрленген жобалау алдындағы және (немесе) жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасына энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру сараптамасын жүргiзуге құқылы емес.

5. Энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру сараптамасы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жасалған шарт негiзiнде, өтiнiш бiлдiрген тұлғаның (тапсырыс берушiнiң) қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.

6. Жүргiзiлген энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттырудың мiндеттi сараптамасының нәтижелерi бойынша сараптамалық қорытынды жасалады. Сараптамалық қорытынды энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру сараптамасын жүзеге асырған заңды тұлғаның фирмалық бланкiсiнде берiледi.

7. Бекiтiлген негiзгi техникалық-экономикалық көрсеткiштерге энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру бөлiгiнде ықпал ететiн өзгерiстер енгiзiлетiн жобалар жаңадан әзiрленетiн жобалар үшiн белгiленген тәртiппен қайтадан сараптауға жатады.

8. Энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттырудың мiндеттi сараптамасына жататын үйлердiң, құрылыстар мен ғимараттардың жобалау алдындағы және (немесе) жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасында энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру жөнiндегi бөлiм болуға тиiс.

9. Энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттырудың мiндеттi сараптамасының оң қорытындысынсыз жобаларды бекiтуге тыйым салынады.

10. Осы баптың 1-тармағында белгiленген жобалау алдындағы және (немесе) жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасы, ол бойынша сараптама жүргiзiлгеннен кейiн үш жыл өткен соң энергетикалық ресурстарды күнтiзбелiк бiр жыл iшiнде тұтыну мөлшерi бес жүз және одан көп тонна шартты отынға барабар үйлердi, құрылыстарды, ғимараттарды, жабдықтарды салу немесе жұмыс iстеп тұрғандарын кеңейту (күрделi жөндеу, реконструкциялау) басталмаған болса, энергия үнемдеу мен энергия тиiмдiлiгiн арттыруға қайтадан сараптама жүргiзiлгеннен кейiн ғана iске асыру үшiн пайдаланылады.

16-бап. Энергия аудитi

1. Қызметтiң осы түрi бойынша аккредиттеу туралы куәлiк алған заңды тұлғалар энергия аудитiн жүргiзу құқығына ие болады.

2. Энергия аудитi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жасалған шарт негiзiнде, өтiнiш бiлдiрген тұлғаның (тапсырыс берушiнiң) қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.

3. Энергия аудитiнiң нәтижелерi бойынша энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру жөнiндегi қорытынды жасалады.

Энергия аудитiнiң қорытындысы энергия аудитiн жүзеге асырған заңды тұлғаның фирмалық бланкiсiнде берiледi.

4. Мемлекеттiк мекемелердi қоспағанда, Мемлекеттiк энергетикалық тiзiлiм субъектiлерi әрбiр бес жылда кемiнде бiр рет мiндеттi энергия аудитiнен өтедi.

5. Мемлекеттiк мекемелердi қоспағанда, Мемлекеттiк энергетикалық тiзiлiм субъектiлерi, осы Заң қолданысқа енгiзiлген күннен бастап үш жыл iшiнде энергия аудитiн жүргiзу нәтижелерi бойынша қорытынды алуға мiндеттi.

5-тарау. Энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн

арттыру саласындағы мемлекеттiк қолдау

17-бап. Энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру

саласындағы мемлекеттiк қолдаудың бағыттары

Энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру саласындағы мемлекеттiк қолдау мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылады:

1) энергия үнемдеу жабдығын пайдалануды ынталандыру;

2) энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру саласындағы бiлiм беру қызметiн және iс-шараларды ақпараттық қолдауды жүзеге асыруға жәрдемдесу;

3) энергия тиiмдiлiгiн арттырудың кешендi жоспарын iске асыру;

4) энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру саласында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргiзу, оның iшiнде энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру саласындағы әдiстемелiк және нормативтiк құқықтық базаны әзiрлеудi және дамытуды қаржыландыру;

5) тұрғындарда пайдалануда болған, құрамында сынап бар энергия үнемдеу шамдарын кәдеге жарату;

6) энергия аудитiн және (немесе) энергия үнемдеу мен энергия тиiмдiлiгiн арттыру сараптамасын жүзеге асыратын кадрларды қайта даярлау және олардың бiлiктiлiгiн арттыру жөнiндегi, сондай-ақ энергия менеджментi жүйесiн құру, енгiзу және ұйымдастыру жөнiндегi оқу орталықтарын құру;

7) Қазақстан Республикасының тұрғын үй қатынастары туралы заңнамасына сәйкес тұрғын үйлердiң (тұрғын үй ғимараттарының), тұрғын үй-жайлардың (пәтерлердiң) меншiк иелерiне энергия үнемдеудi қамтамасыз етуге және энергия тиiмдiлiгiн арттыруға бағытталған iс-шараларға ақы төлеуге көмектесу.

18-бап. Энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру

саласындағы келiсiм

1. Энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру саласындағы келiсiм(бұдан әрi — Келiсiм) уәкiлеттi орган, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органы мен энергетикалық ресурстарды жылына бiр жүз мың және одан көп тонна шартты отын көлемiнде тұтынатын Мемлекеттiк энергетикалық тiзiлiм субъектiсiнiң арасында ерiктi негiзде жасалады.

2. Энергетикалық ресурстарды жылына бiр жүз мың және одан көп тонна шартты отын көлемiнде тұтынатын Мемлекеттiк энергетикалық тiзiлiм субъектiсiнiң облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органына өтiнiшi Келiсiм жасауға негiз болып табылады.

Мемлекеттiк энергетикалық тiзiлiм субъектiсiнiң энергетикалық ресурстарды тұтыну тиiмдiлiгiн арттыру есебiнен бес жыл iшiнде кемiнде жиырма бес пайыз көлемiнде оларды тұтынуды төмендету бойынша мiндеттемелер қабылдауы Келiсiм нысанасы болып табылады. Келiсiм кемiнде бес жыл мерзiмге жасалады.

3. Келiсiмнiң қолданысын тоқтату Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасының нормаларына сәйкес жүзеге асырылады.

19-бап. Энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру

жөнiндегi қызметтi ақпараттық қамтамасыз ету

Энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру жөнiндегi қызметтi ақпараттық қамтамасыз етудi орталық және жергiлiктi атқарушы органдар мен квазимемлекеттiк сектордың субъектiлерi:

1) энергия үнемдеу бағдарламаларын талқылау, энергетикалық ресурстарды тиiмдi пайдалануды насихаттау;

2) энергия тиiмдiлiгi жоғары көрсету жобаларын жасау жөнiндегi жұмыстарды үйлестiру;

3) энергия үнемдейтiн материалдар мен жабдықтар көрмелерiн ұйымдастыруға жәрдемдесу жолымен тұрақты жүзеге асырады.

6-тарау. Энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру

саласындағы субъектiлердiң құқықтары мен мiндеттерi

20-бап. Мемлекеттiк энергетикалық тiзiлiм операторының

құқықтары мен мiндеттерi

1. Мемлекеттiк энергетикалық тiзiлiм операторы:

1) Мемлекеттiк энергетикалық тiзiлiм субъектiлерiнен, жеке тұлғалардан, энергия аудитiн және (немесе) энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру сараптамасын жүзеге асыратын заңды тұлғалардан Мемлекеттiк энергетикалық тiзiлiмдi қалыптастыру және жүргiзу үшiн қажеттi ақпаратты сұратуға және алуға;

2) Мемлекеттiк энергетикалық тiзiлiмдi қалыптастыру бойынша ұсыныстарды уәкiлеттi органға енгiзуге;

3) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.

2. Мемлекеттiк энергетикалық тiзiлiм операторы:

1) Мемлекеттiк энергетикалық тiзiлiмдi қалыптастыру және жүргiзу тәртiбiн сақтауға;

2) Мемлекеттiк энергетикалық тiзiлiмнiң ақпаратты беруден жалтарған немесе бұрыс ақпарат берген субъектiлерi туралы ақпаратты уәкiлеттi органға беруге;

3) Мемлекеттiк энергетикалық тiзiлiм субъектiлерi жүзеге асыратын, энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру жөнiндегi iс-шаралар тиiмдiлiгiн бағалау мен талдауды жүргiзуге және уәкiлеттi органға ақпарат ұсынуға;

4) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де мiндеттердi орындауға мiндеттi.

21-бап. Энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру

саласындағы субъектiлердiң құқықтары мен

мiндеттерi

1. Осы баптың 2 — 5-тармақтарында көрсетiлген энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру саласындағы субъектiлер:

1) мемлекеттiк органдарға энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыруды қамтамасыз ету жөнiнде ұсыныстар енгiзуге;

2) энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру мәселелерi бойынша уәкiлеттi органнан ақпарат алуға құқылы.

2. Дара кәсiпкерлер және заңды тұлғалар:

1) электр желiлерiнде қуат коэффициентiнiң нормативтiк мәндерiн сақтауға;

2) энергия тұтыну нормативтерiнен аспауға;

3) энергетикалық ресурстарды, суды өндiрудi және берудi жүзеге асыру кезiнде жабдықтың, арматураның ақаулығынан, құбырларды жылу оқшаулаусыз пайдаланудан немесе энергия тұтыну жабдығының жұмыс режимiн сақтамаудан туындаған олардың тiкелей ысырабына жол бермеуге мiндеттi.

3. Мемлекеттiк энергетикалық тiзiлiм субъектiлерi осы Заңның 9-бабында көрсетiлген ақпаратты беруге және мемлекеттiк мекемелердi қоспағанда, энергия аудитi өткеннен кейiн бес жыл iшiнде, энергия аудитi қорытындылары бойынша айқындалған шамаға дейiн энергетикалық ресурстар мен судың тұтыну көлемiн өнiмнiң бiрлiгiне, үйлердiң, құрылыстар мен ғимараттардың алаңы бiрлiгiне жыл сайын азайтуды қамтамасыз етуге мiндеттi.

4. Энергия аудитiн және (немесе) энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру сараптамасын жүргiзуге аккредиттеу туралы куәлiк алған заңды тұлғалар:

1) Қазақстан Республикасының энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру туралы заңнамасында белгiленген, энергия аудитiн жүргiзу тәртiбiн және энергия үнемдеу мен энергия тиiмдiлiгiн арттыру сараптамасын жүргiзу тәртiбiн сақтауға;

2) энергия аудитiн және (немесе) энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру сараптамасын жүзеге асыру кезiнде жол берiлген бұзушылықтарды жою бойынша уәкiлеттi органның нұсқамаларын уақтылы орындауға;

3) жартыжылдық қорытындысы бойынша 15 шiлдеден және 15 қаңтардан кешiктiрмей, есептi кезең iшiнде берiлген барлық энергия аудитi жөнiндегi қорытындылар мен энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру сараптамасы жөнiндегi сараптамалық қорытындылардың көшiрмелерiн уәкiлеттi органға жiберуге мiндеттi.

5. Энергия аудитiн және (немесе) энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру сараптамасын жүзеге асыратын кадрларды қайта даярлау және олардың бiлiктiлiгiн арттыру жөнiндегi, сондай-ақ энергия менеджментi жүйесiн құру, енгiзу және ұйымдастыру жөнiндегi оқу орталықтары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген талаптарды орындауға мiндеттi.

7-тарау. Қорытынды ережелер

22-бап. Қазақстан Республикасының энергия үнемдеу және

энергия тиiмдiлiгiн арттыру туралы заңнамасын

бұзғаны үшiн жауаптылық

Қазақстан Республикасының энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.

23-бап. Уәкiлеттi органның лауазымды тұлғасының

iс-әрекетiне (әрекетсiздiгiне) шағымдану

Жеке және заңды тұлғалар уәкiлеттi органның лауазымды тұлғасының iс-әрекетiне (әрекетсiздiгiне) заңда белгiленген тәртiппен шағымдануға құқылы.

24-бап. Осы Заңның қолданысқа енгiзiлу тәртiбi

1. Осы Заң:

2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлетiн 5-баптың 9) тармақшасын;

2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлетiн 8-баптың 2-тармағын;

2012 жылғы 1 шiлдеден бастап қолданысқа енгiзiлетiн 8-баптың 4-тармағын;

2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлетiн 9-бапты;

2014 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлетiн 10-баптың 1-тармағын;

қуаты 100 Вт және одан жоғары қыздыру электр шамдары үшiн — 2012 жылғы 1 шiлдеден бастап, қуаты 75 Вт және одан жоғары қыздыру электр шамдары үшiн — 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап, қуаты 25 Вт және одан жоғары қыздыру электр шамдары үшiн 2014 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлетiн 13-баптың 1-тармағының 1) тармақшасын;

2014 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлетiн 13-баптың 1-тармағының 5) тармақшасын;

2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлетiн 15-баптың 1 және 9-тармақтарын;

2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлетiн 21-баптың 3-тармағын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн алты ай өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

2. «Энергия үнемдеу туралы» 1997 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1997 ж., № 24, 343-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2006 ж., № 1, 5-құжат, 2009 ж., № 13-14, 62-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; 2011 ж., № 1, 2-құжат; № 11, 102-құжат) күшi жойылды деп танылсын.

Қазақстан Республикасының

Президентi Н. НАЗАРБАЕВ

"Әдiлет" АҚЖ ресми жарияланым дереккөзi болып табылмайды.

© 2012. Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнiң "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" ШЖҚ РМК

Мақалың шыққан күні: 23.12.2016 10:13
Парақтағы соңғы өзгерістер: 23.12.2016 10:13

egov.kz - мемлекеттік қызметтер және ақпарат онлайн

-A A +A