Тұтынушыларды электрмен жабдықтау

Электр энергиясының ролi бiздiң өмiрiмiзде маңызды орын алатыны белгiлi. Адамзаттың тiршiлiгiнде электрсiз өмiр сүру мүмкiн еместiгiн көз алдыңызға елестетiп көрiңiзшi. Бүгiнде бiрде-бiр өнеркәсiп кәсiпорны болсын және басқа да түрлi салаларда электр энергиясы пайдаланылатыны сөзсiз. Әрбiр үйдегi, офистегi, кеңседегi аспаптар мен қондырғылар электр энергиясы арқылы iс-әрекет етедi, демек өндiрiс нарығының субъектiсi мен электр энергиясын тұтыну нарығының арасында тиiсiнше өзара қарым-қатынас туатындығы аян.

Бiздiң елдiң қолданыстағы заңнамасымен белгiленген электр энергиясы нарығының 2 түрi бар — бiрi көтерме, екiншiсi бөлшек электр нарығы.

Көтерме электр нарығы — бұл негiзiнен энергетикалық кәсiпорындар мен электр энергиясының iрi тұтынушылары арсындағы қарым-қатынас алаңы болып табылады. Осынау нарықтың әрекет етуi «Электр энергиясының көтерме нарығын ұйымдастыру және жұмыс iстеу қағидаларымен» реттеледi.

Ал, энергетикалық кәсiпорындар мен электр энергиясын қатардағы тұтынушылар арасындағы өзара қарым-қатынас электр энергиясының бөлшек нарығында өтедi, сондай-ақ бұл ара-қатынас «Электр энергиясының бөлшек нарығын ұйымдастыру және осы нарықта қызмет көрсетудi ұсыну қағидаларымен», «Электр энергиясын пайдалану қағидаларымен» реттеледi.

Аталмыш Қағидаларда тұтынушылар мен энергетикалық кәсiпорындардың қарым-қатынастары, тараптардың құқығы мен мiндеттерi, электр желiлерiне қосылу тәртiбi, электрмен жабдықтау үшiн келiсiм-шарт жасау, тұтынушылардың электр қондырғыларына тиiсiнше кернеу беру мәселелерi және т.б. көзделген.

Бәрiмiзге белгiлi, электр желiлерiне қосылу қатардағы тұтынушы үшiн едәуiр күрделi процесс болып табылады және көп уақыт жұмсауды талап етедi. Осынау жәйттi ескере отырып, Энергетика министрлiгi тұтынушыларды электрмен жабдықтау желiлерiне қосылуды қол жетiмдi ету мақсатында ұдайы оңтайландыру және жеңiлдету жұмыстарын жүргiзiп отырады.

Мәселен, 2015 жылдан бастап бiрқатар рұқсат беру процедуралары таратылды (жойылды). Мысалға алғанда мемлекеттiк энергетикалық қадағалау мен бақылау органынан электрмен жабдықтау желiлерiне қосылу үшiн рұқсат алу құжаты алынып тасталды, сондай-ақ мемлекеттiк сәулет-құрылыс бақылау органынан құрылыс-монтаж жұмыстарын жүзеге асыру үшiн рұқсат алу алынып тасталды. Барша жамағатқа, егер электрмен жабдықтау желiлерiне қосылу ниетi болатын болса, Электр энергиясын пайдалану қағидаларымен танысуды ұсынамыз.

Қазiргi уақытта Министрлiк қолданыстағы электр энергетика саласындағы заңнамаға өзгертулер енгiзу жөнiнде қызу талқылау жүргiзуде. Сонымен қатар, осы процестi жетiлдiрiп, жеңiлдету мақсатында түрлi қисындар қарастырылуда. Өзгертулердiң барлық жобалары қалыптастырылғаннан кейiн, Министрлiктiң ресми сайтында және Ашық НҚА порталында танысуға болады.

Аумақтық департамент барша тұтынушыларды кез-келген заңсыздыққа төзiмсiздiк танытуды өтiнедi, егер электр энергетика саласындағы заңнаманы бұзушылық жәйттерi орын алатын болса, дереу бiздiң Департаментке хабарлаңыздар.

Сондай-ақ, барша оқырмандарды Қазақстан Республикасы Энергетика министрлiгi Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау Комитетiнiң ресми сайтында электр энергиясының сапалығы мен электр желiлерiне қосылудың қол жетiмдiлiгiн анықтау үшiн сауалнама парақтары орналастырылғанын құлаққағыс етемiз. Осылайша, әрбiр адам осынау сауалнаманы толтырып, аталмыш процестi жетiлдiруге өздерiнiң қомақты үлестерiн қосуына болады.

Жаслан Қасенов
Қазақстан Республикасы Энергетика
министрлiгi Атомдық және энергетикалық
қадағалау мен бақылау Комитетiнiң
Ақмола облысы бойынша аумақтық
департаментi басшысы

11.02.2020
Қараулар: 310

egov.kz - мемлекеттік қызметтер және ақпарат онлайн

  

-A A +A